Маңғыстау өңірі мен Шымкент қаласы арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту аясында Ақтау қаласына Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Делегация құрамында университет ректорының міндетін атқарушы Әлібек Нұртаев, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Жанбол Жилбаев, қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Лаззат Байырбекова және Үздіксіз білім беру орталығының басшысы Рауан Бегалиева бар.
Сапардың мақсаты – Маңғыстау жастарын сапалы жоғары білім алудың жаңа мүмкіндіктерімен таныстыру, мемлекеттік гранттар туралы ақпарат беру, сондай-ақ талапкерлерге болашақ мамандығын таңдауда кәсіби бағдарлық қолдау көрсету.
Биылғы оқу жылында мемлекет тарапынан педагогикалық мамандықтарға 13 226 грант бөлінген, бұл ретте техникалық және IT-бағыттарға ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты Өзбекәлі Жәнібеков атындағы университет Маңғыстау түлектерін грант негізінде оқуға және сұранысқа ие білім алуға шақырады.



KZ
